Осы айда ҚазКСР Сыртқы істер халық комиссариатының құрылғанына 80 жыл толды. Бұл ведомство сол кездегі саяси жүйеге байланысты көбінесе өкілдік-хаттамалық қызметтерді жүзеге асырды. Ал оның басшылары СІХК-дағы (Сыртқы істер халық комиссариаты), содан кейін ҚазКСР СІМ-дегі жұмысын өзінің негізгі жұмысымен ұштастырды. ҚазКСР-дың алғашқы Сыртқы істер халық комиссары Төлеген Тәжібайұлы Тәжібаев болды. Сонымен қатар, сол кездегі қарапайым ғана сыртқы саяси кеңсе республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақстандық дипломатияны қалыптастыру үшін негіз болды.
      Бүгінде 30 жылдан астам уақыттан кейін Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиясы жас мемлекетіміздің жетістіктеріне елеулі үлес қоса отырып, қарқынды дамып келеді деп сеніммен айта аламыз. Жаһандық қазақстандық дипломатия еліміздің Тәуелсіздігінің маңызды атрибуты ғана емес, оның қауіпсіздігін, дамуы мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің, халықаралық бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтудың негізгі құралы болғанын айта кеткен жөн. ҚазКСР СІХК сарапшысы доцент М.Ермағамбетов жазғандай, «...иә, Қазақстанның өз дипломатиясы болды, ал оның дипломатиясының өзіндік тарихы бар».
      Қазақстандық дипломатияның қалыптасуына дейінгі негізгі тарихи кезеңдерді еске ала отырып, жүріп өткен жолымызға қарасақ, қазақстандықтардың кеңестік кезеңдегі дипломатияға араласуына қатысты көп жайтқа қанық боламыз.       1920 жылы 26 тамызда қазақ халқының тарихына тікелей әсер еткен оқиға орын алды. Яғни, Автономды Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды.
      Орталық органдардың құзыретін қарау кезінде «сыртқы істер мен сыртқы сауда толығымен РКФСР орталық органдарының қарауында қалады» деп шешілді. Мұндай шешім Қытаймен шекарадағы айтарлықтай алаңдаушылық туғызатын жағдайға байланысты қабылданды. Ондағы тұрақсыз жағдай енді қалыптасып келе жатқан Кеңес елдерінің мемлекеттік шекарасына қатысты қосымша белгісіздік тудырды.
      Мәскеудің ресми бағытының қисынды жалғасы 1922 жылы желтоқсанда КСРО құрылғаннан кейін сыртқы саясатты орталықтандыру болды. Негізінен, 20-30 жылдары Қазақстанда сыртқы байланыстар экономикалық салада жүзеге асырылды. Республикада Сыртқы істер халық комиссариатының (СІХК) агенті болды, оның басты міндеті Шыңжаңдағы кеңес консульдықтарымен байланысты қамтамасыз ету еді.
      Сонымен бірге қазақстандықтардың Мәскеуде және КСРО-ның шетелдегі өкілдіктерінде дипломатиялық қызметке кіруіне жол ашылды. Алайда, бұған іс жүзінде мүмкіндіктер өте шектеулі еді, сондықтан кеңестік дипломатиялық қызметтегі қазақстандықтардың өкілдігі ұзақ уақыт бойы өте аз болды. Осындай мүмкіндікке ие болған Түркістаннан шыққан көрнекті партия және мемлекет қайраткері, 1927 жылы желтоқсанда КСРО-ның Хиджаз Корольдігіндегі, Неджд және оған қосылған облыстардағы (1932 жылдан Сауд Арабиясы Корольдігі) өкілетті елшісі болып тағайындалған Нәзір Төреқұловты (1892 – 1937) ғана айтуға болады. 1930 жылы Өкілетті министр және Төтенше елші ретінде аккредиттелген жерлесіміз тіпті, осы мемлекеттегі дипломатиялық корпустың дуайені болды.
      Ұлы Отан соғысындағы түбегейлі өзгеріс соғыстан кейінгі қайта құру мәселесін антигитлерлік коалиция елдерінің алдына көлденең тартты. Бұл Қазақ КСР-нің халықаралық құқықтық субъектісіне өзгерістер енгізудің себептерінің бірі болды. 1944 жылы 13 сәуірде республикада Сыртқы істер халық комиссариатын құру туралы ҚазКСР заңы қабылданды.
      Қазақстандық СІХК (1946 жылы СІМ болып өзгертілді) өзінің толыққанды қалыптасуы жолында бірнеше кезеңнен өтті. Ұйымдастыру кезеңі де ұзаққа созылды: заңға сәуір айында қол қойылғанымен, бірінші басшы – Төлеген Тәжібаев тек тамызда тағайындалды, ал халық комиссариатына дейін жұмыс істеген – ҚазКСР Халық Комиссарлары жанындағы КСРО СІХК уәкілінің аппараты келесі жылы ғана жойылды. Ұзақ уақыт бойы, 1940 жылдардың аяғынан 60-жылдардың ортасына дейін министрлікте министрдің орынбасары лауазымы қарастырылмады, министр лауазымының өзі бірнеше рет алып тасталды. Сонымен қатар, бұл лауазымды көбінесе әлеуметтік саясат жөніндегі вице-премьер немесе мәдениет министрі ауыстырды.
      ҚазКСР Сыртқы істер халық комиссариатын ұйымдастыру үшін тиісті құқықтық базаны құруды республика Жоғарғы Кеңесінің VII сессиясы жүзеге асырды. 1944 жылғы 12 сәуірдегі сессияның кешкі отырысында 171 депутат ҚазКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Д.Оңдасыновтың одақтас республикалардың қорғаныс және сыртқы қатынастар саласындағы егемендік құқықтарын кеңейту туралы баяндамасын тыңдады. Нұртас Дәндібайұлы жасаған баяндаманың негізгі бағыты «біздің Қазақ Республикасының сыртқы аренаға шығу, шет мемлекеттермен тікелей қарым-қатынас жасау, олармен келісімдер жасасу және өкілдіктермен алмасу құқығы – қазақ халқының тарихындағы айрықша оқиға және Кеңес Одағы халықтарының достығы мен бауырластығын одан әрі нығайтады» деп тұжырымдау болды. Парламент сессиясы Қазақ КСР Сыртқы істер халық комиссариатын құру туралы заңды бірауыздан бекітті және республика Конституциясының 16 б, 19,31,43,45 және 52-баптарына толықтырулар енгізді. Заңның ресми мәтіні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы А.Қазақпаев пен Төралқа хатшысы С.Нұрмағамбетовтың 1944 жылғы 13 сәуірдегі қолымен бекітілді. Бұдан былай, конституциялық тұрғыдан ҚазКСР «шет мемлекеттермен тікелей қарым-қатынас орнатуға, олармен келісімдер жасасуға және дипломатиялық, консулдық өкілдіктермен алмасуға құқылы» болды. Бір сөзбен айтқанда, ҚазКСР шет мемлекеттердегі өзінің дипломатиялық өкілдерін тағайындауға және кері шақырып алуға, сондай-ақ ҚазКСР-да аккредиттелген шет мемлекеттер өкілдерінің сенім грамоталары мен кері қайтарып алу грамоталарын қабылдауға құқылы болды. Заң қабылданғанымен Республиканың сыртқы саяси ведомствосы жедел ресімделе қоймады. Мамандарды іріктеуге қатысты үлкен жұмыс басталды.
      Соған қарамастан, сол кезеңдегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері – Хайырғали Байғалиев, Асқар Закарин, Өтешқали Атамбаев, Ади Шарипов, Балжан Бөлтірікова, Мүсілім Базарбаевтың республиканың дамуына, ҚазКСР Сыртқы істер министрі қызметіне қосқан елеулі үлесін атап өткен жөн.
      Уақыт өте келе ҚазКСР СІМ бүкіл Одақтың сыртқы саясатына да елеулі үлес қосты. Сол кезеңдегі қазақ дипломаттары арасында ең жоғары мансаптық биікке ММХҚИ түлегі Мәлік Фазылов қол жеткізді.
      Мәлік Фазылов туралы айтқан кезде, 1970-ші жылдардың басында ҚазКСР Сыртқы істер министрі болып жұмыс істеген кезеңде оның тікелей қатысуымен Республиканың халықаралық сипаттағы жалпыодақтық іс-шаралардағы өкілдігін кеңейту мәселелері шешілгенінен бастаған жөн. Атап айтқанда, партиялық, үкіметтік мәдени және шаруашылық делегациялармен алмасу және республикалық кәсіпорындардың сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейту жұмыстары атқарылды. Осылайша, 1975 жылы соммасы 503,2 млн. рубль болатын қазақстандық өнімдер әлемнің 71 еліне экспортталды, 36 елге техникалық көмек көрсетіліп, Қазақстанның 758 елшісінің білім деңгейін арттыруға жәрдемдесті. Республикада Франция, Бельгия және Сирия мәдени күндері, ДДҰ, ЭКК, ЮНЕСКО іс-шаралары өтті. Қазақстан делегациясы Кеңес Одағының Франция мен Даниядағы күндеріне қатысып, республика қалаларының бауырластық байланыстарын орнатты. Сол жылы Қазақстанға 90 мемлекеттен 12 736 турист келіп, тиісінше 13 843 қазақстандық шетелге шықты.
      М.Фазыловтың кәсіби құзыреттілігін, ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен жан-жақты жұмыс тәжірибесін одақ орталығы мойындап, 1976 жылы КСРО-ның Малидегі, ал 1983 жылы Мароккодағы (1990 жылға дейін) Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
      КСРО-ның соңғы онжылдығында республиканың дипломатиялық қызметінің мәртебесін көтеруге Михаил Исиналиев елеулі үлес қосты. Оның энциклопедиялық білімі, стандартты емес ізденімпаз ақыл-ойы, шексіз идеялары, көшбасшы, сарапшы, полемик және публициске тән қасиеттері, туа біткен интеллекті мен әдептілігі адамдарды магнитше тартты. Михаил Ивановичтің қазақстандық дипломатиялық қызметтің болашақ ғимаратын қалыптастыруға қосқан үлесінің салмағы мен маңызы зор екеніне күмән жоқ. Өйткені оның барлық күш-жігері дипломат мәртебесін көтеруге бағытталды және сол кездің өзінде уақытынан озып, Қазақстанның егемендігі жолында жұмыс істеді.
      Ақырында, республика астанасы Алматыдан Сыртқы істер министрлігіне кейіннен «избушка» деп аталып кеткен Верный кезінен келе жатқан жеке сарай бөлінеді.
      Қазақ КСР СІМ мәртебесі мен имиджін өзгертуде М.Исиналиевтің белсенді қызметі өз рөлін атқарды. Ол басқарған тұста ведомствоның көптеген қызметкері дипломатиялық дәрежеге ие болды, республикалық СІМ тәжірибесінде алғаш рет кеңестік шетелдік мекемелерге тағылымдамадан өтуге және тұрақты жұмысқа жіберіле бастады. Олардың көпшілігі кейіннен егемен Қазақстанның дипломатиялық ведомствосының негізін құрады.
      Республиканың көптеген дипломаттары, оның ішінде сыртқы саяси ведомствоның кейінгі басшылық құрамы да, Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшілері де М.Исиналиев мектебінен өтті. Олар бүгінде шетелде еліміздің атынан табысты өкілдік етіп жүр.
      Шетелдегі кеңес елшілері қызметін кейбір қазақстандық басшылық лауазымдағылар да атқарды, бірақ олар бұрынғы кәсіби дипломаттар емес еді. ҚКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы П.Пономаренко КСРО-ның Польшадағы, Үндістандағы және Нидерландыдағы елшісі болды. Орталық Комитеттің екінші хатшылары Н.Родионов пен О.Мирошхин Замбия мен Югославиядағы елшілер, ҚКП Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы В.Николаев - Ирактағы елші, ҚазКСР егіншілік халық комиссарының орынбасары В.Писарев Моңғолиядағы елші болды.
      Жоғарыда айтылғандай, бірқатар қазақстандықтар КСРО-ның шетелдегі елшіліктері мен консулдықтарында жұмыс істей алды. Олардың ішінде И.Аманғалиев - Иран, Алжир, Индонезиядағы кеңесші, А.Жамбуршин - Канададағы кеңесші, С.Құрманғожин - Эфиопиядағы кеңесші, Н.Даненов - Тунистегі кеңесші, Ш.Надиров - Моңғолиядағы кеңесші-елші, Д.Райымбеков - Венгриядағы кеңесші, Г.Руденко - Болгариядағы кеңесші, Т.Сүлейменов -Ирандағы кеңесші, Т.Тәжібаев - Үндістандағы кеңесші, Б.Тайжан - ЙХДР-дағы кеңесші, Б.Темников - Болгария мен Италиядағы кеңесші, Р.Тұрдиев -Тунистегі кеңесші-елші, Б.Тымбаев - Кубадағы кеңесші, А.Черекаев - Австралиядағы кеңесші, В.Гиззатов - Финляндия мен Лаоста бірінші хатшы, Р.Жиенбаев - Румынияда бірінші хатшы, С.Ермекбаев - Тунисте бірінші хатшы, Б.Нұрғалиев - Үндістанда бірінші хатшы, Қ.Тоқаев - ҚХР-да бірінші хатшы болды.
      Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрлігінің тарихы түбегейлі жаңа деңгейге көтеріледі.
      Дипломатиялық бизнес-клуб ҚР СІМ ХАК қоғамдық дипломатия басқармасының басшысы И.Омаровқа материалдар ұсынғаны үшін алғыс білдіреді. ҚазКСР СІМ тарихына қатысты фактілер И.М.Қозыбаевтың «Қазақстан дипломатиясы: тарих беттері» кітабынан алынды.