Түркияның Астанадағы Елшілігінде Diplomatic Business Club тең төрағасы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджумен кездесті.
      Кездесу барысында биыл қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық мәселелері талқыланды. Ойындардың басты мақсаты – қатысушы елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту арқылы әлемнің көшпелі халықтарының мәдениетін сақтау және жандандыру. Айта кетейік, 2022 жылы Көшпенділер ойындар Түркияның Изник қаласында өтті.
      Мұстафа Капуджу алдағы Ойындардың жоғары деңгейде өтетініне сенім білдіріп, Қауымдастықтың халықаралық іс-шараға дайындық жұмыстарын қолдауға дайын екенін жеткізді.       Сонымен қатар тараптар Diplomatic Business Club аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Клубтың алдағы іс-шараларына ерекше назар аударылды.
     Diplomatic Business Club тең төрағасы Исламбек Салжанов Қазақстан мен Түркия арасындағы бизнес-әріптестікті нығайтуды жалғастырудың маңыздылығын атап өтіп, түрлі бағыттардағы ынтымақтастықты қолдауға дайын екенін білдірді.